RSS

«Жабайы алма» повесті жайлы үзік сыр

30 Мам

P.S. Бұл жазба осыдан 3 жыл бұрын жазылған екен, кеше ескі дәптерлерімнің ортасынан тауып алдым)

Ұмытпасам, 5-6 сыныпта оқып жүргенімде әдебиет пәнінен «Жусан исі» атты Сайын Мұратбековтың повестінен үзінді оқып,үлкен әсерде қалғаным бар еді.Өзіме таңсық, бұрын атын естімеген жазушымен осылайша «Жусан исі» арқылы алғаш рет таныстым. «Алғашқы әсер қандай болса, көзқарас солай қалыптасады» демекші, бұл жазушының басқа да шығармаларын оқуға кейіннен аңсарым ауа бастады.Үйдегі өзім «жеке кітапханам» атайтын сөреде ұлы Абай,ақиық ақын Мұқағали, Бердібек аталарымның шығармаларының жанында мен үшін аса қымбат, ыстық кітаптардың бірі Сайын Мұратбековтың «Жабайы алма» туындысы тұрады.

Адамның жан дүниесі,рухани әлемінде толқыныс, ерекше бір тебіреніс болу үшін қандай да болмасын түрткі керек.Ол түрткінің негізгі бастау, қайнар көзі әдебиетте,кітапта жатыр десе де болады.Қашан болсын есіме түскенде, тәтті қиялға , балалық шақтың бал дәуреніне саяхатқа ойша апаратын,осы бір сиқырлы да адамды баурар повестің құпиясы неде жатыр деп жиі толғанамын.Менінше,бұл ең алдымен жазушының жазу шеберлегінде, оның айналаны, оқырманның қалауын түсініп, ойынан шығар көркем туындыны шынайы бейнемен,тәтті шекердей ұғымды тілмен бізге жеткізе білуінде деп түйсінемін.Осы орайда Сайын Мұратбековтың «Жабайы алмасы» жоғарыда аталған сипаттамамен толық үндесіп жатқан көркем де ғажап дүние.Енді бәрін ой ретімен баяндасақ. «Тау бөктері тұтасқан жабайы алма болатын.Соғыс жылдары біз, жас балалар , қалың бөргезге қол-аяғымызды қызыл-ала жоса ғып жырғызып, ұзақты күнге алмадан алма таңдап,сол бөктерде тентіреп жүруші едік» деп басталғаннан, оқырманды бірден тереңге, оқиғаның желісіне еріксіз сүңгітіп жібереді.Бір ауылдың адал да,әр адамның жан серігіне айналған Көкінай атты итті образдау арқылы,жазушы соғыс кезіндегі жауға аттанған әр шаңырақтың сағыныш сезімін, қайтпас көңіл, жығылмас төзімін Көкінай образымен бірлесе отырып, ең бастысы осы күнде екінің бірінің бойынан табылмайтын адалдық қасиетін қызық та, қатал сюжеттермен сипаттайды.Повестьтің басты кейіпкерлері  Қанат,Тоқтар, Нәзира,Әжібектер бейнесінен бүгінгі жастармен, бүгінгі ұрпақпен тоғысатын ортақ жағдаятқа тап боламыз.Ол- пышақтың екі қапталындай , өмір бойы бір-бірін жеңе алмай келе жатқан махаббат пен зұлымдық, мейірімділік пен жауыздық, адалдық пен надандық.

Қай оқырманның болмасын бұл шығарманы оқығанда кейіпкерлермен бірге қиналып, бірге қуанғанына шүбәм жоқ.Сөз байласқан екі ғашық Тоқтар мен Нәзираның бір-біріне деген ыстық, пәк махаббатын жарқ етіп,ағып түскен жұлдыздай десе де болады.Сүйгені соғысқа,жауға аттанып, арада бірнеше уақыт өткенде қара қағаз да келіп үлгереді.Сол сәтте, «әттеген-ай,неге ғана бұларға тағдыр қосылуды жазбаған екен»деп, тамағына кеп тірелген өксікті де байқамай қаласың.Бұл тек қана сүйгенінен айырылған Нәзираның зары емес,бұл сол заманның,сұм соғыстың кесірінен екінің бірінің басына түскен қасірет,қайғы еді.Жазушының құдіреттілігі, қиялға берілмей,повесті тұтас бір дәуірдің немесе кезеңнің тыныс – тіршілігін,өмірін,қаз-қалпында осы бір туындысына сыйғыза білуінде.Әсте, дау жоқ, бар кейіпкерді бақыт шыңына шығарып,әдемі қиял,көңілге жақын оймен де өрбітіп, осы туындыны әсерлі жазуға болатын.Бірақ,одан не ұтамыз?Көбіміздің басты кемшілігіміз қоғамда болып жатқан шындыққа тура қарауға тайсалатынымыз.

Ал,соғыстан жаралы қайтқан Көбегеннің еңбекқорлығына , Петько,Отто,Бәкке, Қанаттардың бір сиырға шөкімдей шөп үшін неге болсын барғанына , Нәзираның бар қиындықты жеңу арқылы оқуға, артынша соғыстан азат етілген қалаларды қалпына келтіруге көмекке аттанғанына қалайша сүйсінбейсің!Дәл сол кезде «Жаса,қазақ жастары!» деп ,бар даусыммен құлақ естір кеңістікке айқайлағымда келген.Енді бір қызық мәселеге тоқталмасам болмас.Дәл осындай аңғал да,балалық сезімді Бердібек Соқпақбаевтің «Балалық шаққа саяхат» кітабын оқығанда бастан кештім.Мені таңғалдырғаны, қос жазушының сөз өрнектеуі, ой орамы, жазу стильі бір-бірінен егіз сәйкестік тапқан үндестік десе де болады.Сонда бұл үндестіктің бізге беймәлім сыры неде? «Балалық шаққа саяхат» повесті өз алдына бөлек әңгіме.Э.Хэмингуэй: «Үлкен жазушы болу үшін, талант, біліммен қоса, бақытсыз балалық керек» деген екен. Менінше, екі жазушы да балалық шақтарынан бастарына ерте түскен тауқыметтен ерте есейіп, ерте өмірдің асау ағысымен арпалысқа түсті.Бұл екі жазушыны өмірдің өзі еріксіз осындай жолға салды.Әркімнің тағдырталайы әрқалай.Біреулер өмірде ішіп-жеп қалсам, біреулер көп қызық көріп қалсам игі еді деумен ғұмыр кешеді.Ал,менің жазушылардың бойынан қадірлейтін ең басты қасиет-олардың өмірді, барша адамзатты сүйе ,түсіне білуі.

Уа, адамдар! Әр сағатты бағалаңыздар.Дәл қазіргі 1 минуттың ішінде ең болмаса өткенінізді еске түсіріңіз.Себебі,өткен өмірді ойламай,келер күнге батыл қадам жасау,жүзе білмей терең суға малтумен тең деп аяқтасам қалай?)

 

Advertisements
 

2 responses to “«Жабайы алма» повесті жайлы үзік сыр

  1. Судан шыққан пингвин

    30.05.2011 at 3:07 тк

    Жабайы алма, мұқабасы оқыла-оқыла жыртылған қызыл кітап қолымыздан түспеуші еді. Қайталап оқи беруші едік. Балалық шаққа саяхат, Өлгендер қайтып келмейді, Жусан иісі біздің балалық шағымыздың бір бөлігі іспеттес болатын. Оған Құпия дәптерді де қосуға болады. Машқар Гумеровты да сүйіп оқитынбыз. Реалисттік шығармалар. Қой-ешкі жайып жүріп кітап оқимыз деп қойдан айырылып қалып ұрыс естігеніміз де осы кітаптардың құнын көрсетіп тұр.

     
  2. Нұршапағат

    30.05.2011 at 9:20 тк

    Асеке бауырым -ай а, өзім кем дегенде 4-5тен оқыған сүйікті шығармаларымды еріксіз тағы бір оқып шығуға итермелеп отырсың-ау )))) Бұл екі шығарманы менен басқа да жақсы әсер ала отырып оқығандардың арасында өзге емес,өзің болғаның қандай жақсы десем қалай )))

     

Пікір қалдыру

Fill in your details below or click an icon to log in:

WordPress.com Logo

You are commenting using your WordPress.com account. Log Out /  Өзгерту )

Google+ photo

You are commenting using your Google+ account. Log Out /  Өзгерту )

Twitter picture

You are commenting using your Twitter account. Log Out /  Өзгерту )

Facebook photo

You are commenting using your Facebook account. Log Out /  Өзгерту )

Connecting to %s

 
%d bloggers like this: